Қоғамдағы ең өзекті проблемаларды шешуге тырысатын Кеңес болады деп ойлаймын – Әбенов

17 Шілде 2019, 18:07
2803
Бөлісу:
Қоғамдағы ең өзекті проблемаларды шешуге тырысатын Кеңес болады деп ойлаймын – Әбенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енген қоғам қайраткері Мұрат Әбенов кеңестің алдағы жұмысы жайлы айтты.

«Кеңестің құрылуын, оның қажеттілігін, бәрін түсініп отырмыз. Мен жаңа ғана шыққан құжаттың ішіндегі тізімді қарап шықтым. Маған ұнап тұрғаны, әртүрлі саланың, әртүрлі саяси партиялардың өкілдері бар. Менің бұл жерде анда-санда, екі-үш айда бір рет тек ресми жиын есебінде емес, нақты әр кезде қоғамдағы ең өзекті проблемаларды көтеріп, соны шешуге тырысатын бір жақсы кеңес болады деп ойлаймын. Маған тағы бір ұнайтыны, осы кеңестің жұмыс төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік проблемалар, мемлекеттік бағдарламалар сараптап, қаралады. Оларға ұсыныс беріп, егер кемшіліктер болса, бірден айтып, ушықтыруға, проблеманың күшейіп кетуіне жол бермей, кезінде тоқтатып, кезінде дұрыс өзгерістер жасауға мүмкіншілік береді деп ойлаймын», - деді Әбенов ОКҚ брифингі барысында.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, бүгінгі күні азаматтар өте белсенді. Бірақ, өкінішке орай барлық кезде мемлекеттік органдардың басшыларымен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бола бермейді. 

«Бір министрлік ашық, жария түрде жұмыс істейді, пікірін ашық айтады және алдын ала ақылдасады. Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары жабық түрде жұмыс істейді. Мен осы кеңестің құрамы және кеңестің берген өкілеттілігін пайдаланып, кеңес мүшелері өз жауапкершілігін түсініп, әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыс жасайды деп ойлаймын. Мен мысалы, білім саласы бойынша, біраз әлеуметтік сала бойынша, жастардың проблемасы бар, медицинаны біз көп көтереміз, соларды шешуге атсалысамын. Мәселелер көп, бірақ кейбір кезде оны кімге жеткізерімізді білмейміз немесе тек қана әлеуметтік желі, интернетте көтеріп жатамыз. Ал енді бұндай жақсы құрал ретінде осы кеңестің мүмкіншілігін пайдаланып, көп мәселелерді тиімді шешуге атсалысамыз деп ойлаймын. Мен өз тарапымнан жауапершілікті алып жүріп, тиімді қызмет атқаруға  дайынмын», - деді Мұрат Әбенов.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамына енген қоғам қайраткері Жәнібек Қожық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында алдағы атқаратын жұмыстар туралы айтты.

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан ұрпаққа өркениетті ел қалдыруда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі басты қадам болатынын айтып өтті.


Өзгелердің жаңалығы