Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қазалы аудандық пробация есебіндегі азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды.
Ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін «Кәсіпкерлік негіздері» курсын тәмамдап, бизнес жоспар құрып, нәтижесінде, наурыз айында 583 400 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді.
Осы жылдың ақпан айында аталған жоба бойынша бір ай оқып, қолыма сертификат алдым. Білікті мамандардан тәлім алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алдыма қойған арманым, жоспарым бар. Енді, міне, мемлекеттен берілген көмектің арқасында құс шаруашылығын ашып, кәсібімді дөңгелетсем деген ниеттемін, - деді есептегі азамат.
Өткен жылы аудандық пробация есебіндегі 5 азаматқа мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілген. Оның бірі шағын ағаш өңдеу цехын ашса, екіншісі құрылыс саласында сметалық жоба сызуға жәрдемдесу, шаштараз сынды жеке кәсіптерін ашып, ел игілігіне жұмыстарын жасауда.
Мемлекетіміз тарапынан жасалып жатқан бұндай көмектер пробация қызметі есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіруге зор көмегін тигізуде.