Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Президент – халықтың сайлау күніндегі таңдауы. Бұл – халықтың конституциялық құқығын пайдалануы. Халық кімді таңдап, дауыс беріп, сайласа, кім көп дауыс жинаса, сол президент болады.
Жазушы-этнограф, қоғам қайраткері Болат Бопайұлының айтуынша, саяси науқанда дауыс берудің нәтижесі әділ түрде қаралуы керек, қара-құрық болмағаны дұрыс.
«Бақылаушылар адал жұмыс атқаруы тиіс. Заңға бойсұнулары керек. Бұл – қарапайым қағида. Бірақ осы қарапайым қағиданы күрделі қайшылыққа айналдырып, «барды жоқ, жоқты бар» деп өсек-аяң таратып халықтың берекесін кетірмеген жөн», - деді қоғам қайраткері.
Б.Бопайұлы бізге, Қазақ мемлекетіне тыныштық керек екенін, береке мен бірлік бар жерде ғана даму, өсу болатынын жеткізді. Кім президент болса да, халықтың тыңдауы. Ал президент өзін сайлаған халыққа құрмет етуі тиіс. Өйткені, оны халық президентікке таңдап, өз өмірлерін, мемлекетті басқарудың ең жоғары билігін ұсынып отыр. Президент халықты тыңдамай, өз алдына құқық жүргізе алмайды.
«Президет халқын өзінің көз қарашығындай қорғауы керек. Ел тұрмысын еселеп жақсартуы тиіс. Әсіресе, ұлт, Отан болашағы болған жас ұрпақты жақсы оқытудың жаңа әлемдік методын табуы қажет. Ғылым дамымай, мемлекеттің өндіргіш күші ілгерілемейді. Өндіргіш күш ілгерілемесе, бұқараның ахуалы жақсармайды. Сондықтан ғылым мен техниканы тез әрі сапалы түрде дамытуды кешектірмей қолға алу керек», - деді жазушы.
Болат Бопайұлының сөзіне қарағанда, халық тағдыры жерге байланысты. Қазақтың қасиетті де киелі жерінен ұлтарақтайын сатпауы керек. Қазір көп азамат жұмыссыз, үйсіз жүр. Ал қазақ мемлекетінде жұмыссыз және үйсіз адам болмауы тиіс. Себебі, халық тұрмысы төмендеген сайын мемлекеттің де хал-ахуалы жақсармайды. Тұрмыс төмендеген сайын, халықтың денсаулығы да бірге әлсірейді. Сондықтан ғылымның бар саласын орасан зор дәрежеде дамыту керек.
«Көзді жұмып, Қазақстан еш дамыған жоқ деу дұрыс емес. Мен, өз басым, президент болып сайланған адамнан осы дүниелердің орындалуын күтемін. Халқыма сенемін, "Халық айтпайды, айтса қалт айтпайды"», - деді қоғам қайраткері.