Президенттің түркі әлемінің бірлігіне ерекше тоқталуы кездейсоқ емес – сарапшы Бауыржан Әукен

3 Қаңтар 2025, 16:35
340
Бөлісу:
Президенттің түркі әлемінің бірлігіне ерекше тоқталуы кездейсоқ емес – сарапшы Бауыржан Әукен
Фото: kisi.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында түркі әлемімен ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығына тоқталуы кездейсоқ емес. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен пікір білдірді.

Бұл сұхбатта Қазақстанның ТМҰ аясындағы белсенділігі мен түркі ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ауқымды жобалар мен 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылғандығына баса назар аударылды. Президент 2021 жылы күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласының тарихи рөліне ерекше мән берді. Мемлекет басшысының пікірінше, Түркістанның қайта жандануы түркі әлемінің бірлігін нығайтуға зор үлес қосуда. Сонымен қатар, Астанада өткізілген V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі халықтарының бай мәдени мұрасын насихаттауда ерекше орын алғандығы атап өтілді. Бұл шара түркі мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытып қана қоймай, қатысушы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдете түсті, - дейді сарапшы.

Айтуынша, соңғы онжылдықта ТМҰ аясындағы сауда-экономикалық байланыстар да айтарлықтай нығайды. Президент 2023 жылы ұйымға мүше елдердің өзара айналымы 45 млрд долл. асқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш интеграцияның жоғары деңгейін және өзара тиімді қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.

ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Бұл жоба Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруда, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуде және халықаралық инвестицияларды тартуда шешуші рөл атқаруда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында аталған ТМҰ аясындағы серіктестік Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін айқын аңғартады. Түркі әлемімен ынтымақтастық – елдің рухани, мәдени және экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі, - дейді Бауыржан Әукен.

 

Өзгелердің жаңалығы