Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Бішкек қаласында өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумының жұмысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын пандемиядан кейінгі дамудың келісілген экономикалық шараларды, «жасыл экономика және энергетикаға» көшу, аймақ елдерінің Еуропалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту тәсілдерін, көліктік-логистикалық өзара байланыстарды, цифрландыруды, сондай-ақ бизнес ортаны жақсарту үшін құқықтық реттеулерді жетілдіруге арналған алаң болып табылады.
Іс-шара барысында Ержан Қазыхан «Экологиялық теңгерімді, тұрақты, климаттық және экологиялық бейтарап экономикаға көшуге» арналған сессияда сөз сөйледі. Мемлекет басшысының Арнаулы өкілі өз сөзінде еліміздің өңірдегі климаттық күн тәртібін ілгерілетудегі рөліне тоқталып, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспары жөнінде айтты, - деп жазды Ақорда сайты.
Форум аясында Ержан Қазыхан Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер министрі Михаэль Линхартпен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Жоғары деңгейдегі саяси диалогты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ержан Қазыхан елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына келесі жылы 30 жыл толатынын атап өтіп, Михаэль Линхартты 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласына сапармен келуге шақырды.