Президенттің «әділдік» туралы айтқаны қатты ұнады – ақын

18 Ақпан 2022, 15:13
2073
Бөлісу:
Президенттің «әділдік» туралы айтқаны қатты ұнады – ақын

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз әділдікке әбден сусап, шөлдеп қалған елміз, сондықтан Президенттің «әділет», «әділдік» туралы айтқан сөздері қатты ұнады. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек пікір білдіру кезінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбаттағы бірнеше тұсы ұнады. Ол кісі «әділдік», «әділеттілік» деген сөздерді бірнеше рет айтты. Біз әділдікке әбден сусап, шөлдеп қалған елміз, сондықтан бұл сөздерді жиі айтқаны жүрегіме қонды. «Еңбекқорлық» деген сөзді де көп айтты. Біз өзіміз еңбек етпесек, сырттан ешкім ештеңе әкеп бермейтінін айтты. Әлемдегі дамыған елдердің бәрі өзінен-өзі ондай деңгейге жеткен жоқ. Оның бәрі білім мен еңбек арқылы келді. Сұхбаттың сол тұстары қатты ұнады,-дейді ақын.

Сонымен қатар ол Президент бізде бір ғана Отан бар екенін, оны сақтай білуіміз қажет екенін баса айтқанын жеткізді.

Бір ғана отан бар екенін, тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керектігін, «қазақтың тағдыры өз қолында» дегенді баса айтты. Қазақтың еркін ел ретінде іргесін нығайтуға қажет деген үлкен құндылықтардың бәрін қамтыды деуге болады. Мемлекет басшысының аузымен айтылуы керек деп күткен мәселелер айтылды, - деді А. Елгезек.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына сұхбаты беріп, «қаңтар оқиғасына» қатысты елдің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берген еді.
 

Өзгелердің жаңалығы