Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Дана Жантемірова мәлімдеді.
Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу жүріп жатыр. 1 қыркүйекте басталған іріктеу 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Мұндай іріктеу алғаш 2019 жылы өткізілген, сол кезде жастардың 300 үздік өкілі қатаң іріктеуден өтіп, Қазақстан халқына қызмет ету жолына түсіпті.
Д. Жантемірованың айтуынша, биылғы іріктеуге бірқатар өзгеріс енгізілген.
Іріктеу процесі түзетілді, жаңа кезеңдер енгізілді. Әлеуетті резервшілер саны азайтылды. Қорытынды бойынша тек 50 кандидат іріктеледі. Резервте болу мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын В1-ден төмен емес сертификат енгізілді. Ауызша сөйлеу қабілетін бағалауға тестілеу дербес іріктеу блогына бөлінген. Бұл одан әрі ең жақсы нәтиже көрсеткен кандидаттардың 50%-ы ғана сандық тестілеу блогына өтуіне мүмкіндік береді. Эссе жазу және жобаны таныстыру кезеңдері ситуациялық есептерді шешу кезеңіне ауыстырылды. Ұсыныс хаттар жойылды, - деді ол.Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар бұрынғы қалпында қалған. Яғни ҚР азаматы, жасы 35-тен аспаған, жоғары білім және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. Сондай-ақ бүкіл іріктеу процесі Ұлттық комиссия бекіткен іріктеу тәртібімен нақты регламенттелген бірнеше кезеңнен тұрады екен.
Қыркүйектің 1-30 аралығында «Құжаттарды қабылдау» кезеңінде онлайн форматта құжаттарды қабылдау www.pkrezerv.kz ақпараттық платформада тіркелу арқылы өтеді. Өтініш толтырып, үміткерге қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын барлық құжатты тіркеу қажет. Құжаттарды тіркеу электрондық-цифрлық қолтаңбаның көмегімен жүзеге асырылады. Одан кейін 2 қазаннан бастап 6 қазанға дейін «Қабілеттерді тестілеу» кезеңінде кандидат аудио және видео фиксациясы бар қабілеттерді онлайн тестілеуден өтеді. Оның басты мақсаты - кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмысы арқылы талдамалық қабілеттері мен сыни ойлау деңгейін тексеру, - дейді Жантемірова.Тексеру сынағынан кейін іріктеудің келесі кезеңіне ең жоғары балл алған 500-ден аспайтын кандидат жіберіледі екен. «Ахуалдық міндеттерді шешу» кезеңі 12-17 қазан аралығында өтеді. Ол Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарына сәйкес жеті бағыт бойынша онлайн режимде ахуалдық міндеттерді шешуге арналған.
Бұл кезеңде үміткерлердің мынадай құзыреттері бағаланады: білім тереңдігі, талдамалық ойлау, бейстандарттық ойлау, баяндаудың дәлелділігі. Содан кейін бұл шешімді бірнеше сарапшы бағалайды. Сарапшылар ретінде академиялық ортаның, кәсіби қоғамдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. Осы кезеңнің нәтижелері бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен 250 кандидат іріктеледі. Одан кейін «Құзыреттерді бағалау» кезеңі 25 қазан мен 28 қараша аралығында өтеді. Бұл кезең бағалаудың екі блогынан тұрады: ассессмент-орталық, құзыреттер бойынша сұхбат, - дейді ол.Осы кезеңнің нәтижелері бойынша 100 кандидат 3 желтоқсаннан 10 желтоқсанға дейінгі кезеңге жоспарланған сараптама комиссиясындағы әңгімелесуге шақырылады. Әңгімелесу нәтижелері бойынша үздік 65 кандидаттың кандидатурасы 13 желтоқсан мен 25 желтоқсан аралығындағы кезеңде ұлттық комиссия отырысында қарауға жіберіледі. Резервке үздіктердің 50-і ғана алынады.
Бұған дейін Президенттік жастар кадр резервіне 281 үміткер тіркелгені айтылды.