Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен 2023 жылдың 19-23 желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің ақтық кезеңін өткізуде.
Биылғы іріктеуге 6404 адам немесе резервтегі 1 орынға 128 үміткер қатысты. Көп кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесі бойынша Ұлттық комиссия мүшелерімен әңгімелесуден өтетін 100 үздік кандидат анықталды.
Әңгімелесу қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам іріктеліп алынады. Олар алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда түрлі жауапты лауазымдарға тағайындалады.
Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының талантты жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту жөніндегі бастамасы. Резервке іріктеу тек жоғары кәсіби және моральдық қасиеттер негізінде олардың мансабын өсіруге мүмкіндік береді.
2019 жылдан бері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы түрлі лауазымдарға резервтегі 270 жас маман тағайындалды. Олардың 33-і саяси, бесеуі – «А» корпусындағы әкімшілік лауазымдарда қызмет атқарады.