Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды.
Жолдаудың есте қалған ерекше тұсы – стратегиялық жоспарлау қызметі құрылатын болды. Мемлекеттік қызмет саласындағы көп дүниелердің кемшіліктері пандемия кезінде байқалып қалды. Соған байланысты қысқарту мәселесі орынды шара, деп санаймын. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты айтылған дүниелер де көңілге қонымды. Ең бастысы, Мемлекет басшысының жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы жөнінде шегелеп айтқаны орынды болды, - деді ол.
Алтынбек Нұхұлы білім-ғылымы дамыған елдің қашанда алғы шептен көрінетінін атап өтті.
Әрине, кез келген мемлекеттің алдыңғы деңгейден көрінуі үшін алдымен, білім бағыты мықты болуы керек. Осы салаға тиісті қаражаттың бөлінетіні қуантты. Бұл ретте, Президенттің қазақ зиялыларына үндеу ретінде айтқан ұқыптылық, байсалдылық, бос сөзділіктен арылып, елге пайдалы дүниелерді жасай білу мәселесіне тоқталғаны көңілден шықты. Біз жаңадан сайланған депутаттар, Жолдауда айтылған мәселелердің барлығының заңнама тұрғысынан орындалуына атсалысуға дайынбыз, - деді депутат.