Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ректоры Дархан Біләлов айтты.
Еліміздегі жағдайға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде батыл шешім қабылдап, ел ахуалын тұрақтандыру үшін тиісті шаралар жүргізіп жатыр.
Ректордың айтуынша, мемлекет басшысының бейбіт өмірге, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалары тиісті деңгейде орындалғанда ғана ел тыныштығы орнына келеді.
Осындай қиын сәтте халықтың амандығына кепіл болған Президентімізге қолдау білдіріп, мемлекеттігіміз бен ұлттық құндылығымызды сақтау жолында жұдырықтай жұмылуымыз керек. Студент-жастарға, олардың ата-аналарына еліміз үшін күрделі кезеңде сабыр сақтап, арандатушылардың сөзіне ермей, заң мен Отанға деген адалдықты сақтағандары үшін алғысымды білдіремін, – деді Дархан Біләлов.
Сондай-ақ ол Тәуелсіздігімізді сақтау үшін барша қазақстандықтарды, әсіресе жастарды сақтық танытып, ел тұрақтылығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.