Президенттің атына жаңажылдық құттықтаулар келуде

30 Желтоқсан 2019, 12:34
3031
Бөлісу:
Президенттің атына жаңажылдық құттықтаулар келуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президентінің атына бірқатар мемлекеттің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен Жаңа жылмен құттықтаған жеделхаттар келіп түсуде. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өзінің жаңа жылдық құттықтауында 2019 жылдың Қазақстан үшін айтулы оқиғаларға толы болғанын, соның ішінде, биліктің Конституцияға сәйкес ауысқанын және мемлекет басшысының сайлаудағы айқын жеңісін атап өткен. 
Бізге Ресей мен Қазақстан арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастардың әлеуетін толықтай сақтап қалғанымыз ғана емес, сондай-ақ, стратегиялық серіктестікті, одақтастықты және тату көршілікті нығайту үшін бірлескен  жұмыстарды жалғастыру маңызды. Оған Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт  ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы күш-жігерінің үйлесім табуы тың серпін берді. Келе жатқан жаңа жылда мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастық қарыштап дамитынына сенімдімін, – делінген Ресей көшбасшысының құттықтау хатында.

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков келе жатқан жаңа 2020 жылмен құттықтаған жеделхатында Қазақстан халқына бейбітшілік және бақ-береке тілеп, өзінің шынайы лебізін білдірді.

Жаңа жылда біздің бірлескен күш-жігеріміз екіжақты стратегиялық серіктестікті және бауырлас қырғыз-қазақ халықтарының игілігі жолындағы одақтастық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп сенемін, – делінген Сооронбай Жээнбековтің жеделхатында.  

Корея Республикасының президенті Мун Чже Ин мен Бірінші ханым Ким Чжонг Сук корей халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.   

Корей түбегінде бейбітшілік орнату ісіне көрсеткен қолдауларыңыз бен ынтымақтастықтарыңыз халқымыздың болашаққа деген сенімінің қайнар көзі саналады. Корея халықаралық қоғамдастықпен бірлесіп, инклюзивті және тұрақты әлем қалыптастыру ісін жалғастыра береді, – делінген жеделхатта.  

Сонымен қатар, мемлекет басшысының атына өз құттықтауларын Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Ауғанстан президенті Мұхаммад Ашраф Ғани мен бірінші ханым Рула Ғани, Литва Президенті Гитанас Науседа мен Бірінші ханым Диана Науседене, Сингапурдің премьер-министрі Ли Сянь Лун мен оның жұбайы, Канаданың Генерал-губернаторы Жюли Пайет, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо жолдады.


Өзгелердің жаңалығы