Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласынан келген “Казфосфат” ЖШС филиалының механигі Әлібек Сатқанбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлібек Сатқанбаев Жолдауда көтерілген цифрлық ел болу мақсаты өндірістегі рәсімдерді цифрландыру жолымен жеңілдетуге жол ашатынын жеткізді.
Президенттің Жолдауына офлайн қатысуға шақыртуды екі аптадай уақыт бұрын алдым. Күтпедім, қобалжу болды. Президентті анық көрдім. Оны бұлай көру бізге бір ғанибет болды. Өте қуаныштымын. Басшылығыма сонша адамның ішінен мені лайық көріп, жібергендеріне рақмет айтамын. Жолдауда жалпы цифрландыру, оның ішінде өндірісті цифрландыру туралы көп айтылды. Бұл бастаманы өте қажет деп ойлаймын, - деді механик.
Ол сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы мен жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту қажеттігі жөнінде атап өтті.
Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болғаны бізге сезілді. Өндіріске көбірек адам қабылданып, жұмысымыз аздап жеңілдеді. Жалақы көтерілді. Негізі жастар өндіріске онша қызықпайды. Жұмыссыз жүрген жастарды жұмысшы мамандықтарына шақырар едім. Себебі өндірісте мамандар жетіспейді, механиктер сұранысқа ие. Сондықтан жастарды өндіріске қажет мамандықтарға оқытып, осы салаға тарту керек деп санаймын, - деді ол.