Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қазақстан Президентіне ауылдық елді мекендердегі талшықты-оптикалық желі байланысының құрылысына қатысты ірі жобаның жүзеге асырылуы жайында баяндалды. Бұл жоба жыл соңына дейін толық аяқталуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа көлеңкелі айналымды азайту мақсатында тауарларды таңбалауды енгізу барысы туралы мәлімет берілді. Бұл жобаға «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы операторлық етеді.
Мемлекет басшысы компания жұмысының нәтижелеріне оң баға берді. Сонымен қатар халыққа және бизнеске жаңа цифрлық қызметтерді ұсыну, интернет пен ұялы байланыстың қолжетімділігін кеңейту және сапасын арттыру, сондай-ақ, өзге байланыс операторларымен бірлесіп жұмыс істеу бағыттарын дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.