Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Ермекбаева онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы Жолдауында қолжетімді әрі сапалы білім алу мәселесі жан-жақты көтерілген.
Президент өз Жодауында 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі оқу мен тәрбиемен қамтудың шешу жолдарын айқындады. Сондай-ақ, балаларымыз қай жерде тұрса да, қай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек екенін атап өтті, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол Президент халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын жақсарту мәселесі бойынша нақты тапсырмалар бергенін айтты.
Білім беру әлеуетін көтеру барысында қомақты қаражат бөлу жоспарлануда. Президент еліміздің әрбір азаматына қатысты экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне де тоқтады. Балаларға қоршаған ортаға құрметпен қарау, табиғатқа деген ойлау қабілетін дамытуды қалыптастыру керектігін айтты. Қоршаған ортамен қарым-қатынаста болуды, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық көрсетуді, табиғат пен үйлесімді өмір сүруді балаға ерте жастан үйрету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты мектептерде қазір экология пәні оқытылып жатыр, - дейді Ермекбаева.
Сөз арасында ол ата-аналардың өтініші бойынша Алматыдағы 102 мектепте 250 кезекші топ ашылғанын және көптеген оқушы мен мұғалім компьютерлік техникамен қамтылғанын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінің басым бөлігі ұстаздарды әлеуметтік қолдау мәселесіне арналған, олардың жалақыларының аздығына назар аударды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылданды. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетінін атап өтті, - дейді Гүлнара Ермекбаева.