Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ақиқат» жастар пікірсайыс орталығының 14-ші төрағасы Жұман Жансерік Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне ресми кірісу рәсімінде жастардың «өз жемісті тарихын» жазуға мүмкіндік жасап, кәсіпкерлікпен қамтуы үлкен қолдау екенін айтты.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация кезінде сөйлеген сөзінде жастарды да ұмыт қалдырмады. Ол Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағандықтан, «Жастар – ел тірегі» атты арнайы жобаның жұмыс бастағанын атап өткен болатын.
«Еліміздің жас азаматы ретінде қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымыздың сара жолын жалғастырушы әрі мемлекетіміздің дамуы үшін арнайы бағдарламасын ұсынған болатын. Президент инаугурация кезінде өзінің 10 бағытында жастарды кәсіпкерлікке баулу, жаңа жұмыс орнын ашып, барлық мүмкіндікті арттыруды сөз еткен болатын. Атап айтқанда, «Жас кәсіпкер» жастардың бизнес бастамасын дамыту бағдарламасы мен жастар стартапын қолдаймыз дегені көңілімнен шықты. Сондай-ақ, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін де қарастырып жатқаны көңілге қуаныш пен сенім ұялатады», - деді Жансерік Бауыржанұлы.
«Ақиқат» жастар пікірсайыс орталығының 14-ші төрағасы президент Қ.Тоқаевтың жастар өзінің ең үлкен арманын іске асырып, өзінің жеке «жемісті тарихын» жазу үшін барлық мүмкіндікті жасаймын деп уәде беруі, барлық жасқа қуат болатын, демеу болатын сөз деп есептейді.
«Біз президентіміздің осы сөзінен жастарға қамқор, мейірбан екенін көреміз. Басшылық тарапынан қолдау бар екенін сезінеміз. Расында, біз жастар қолымыздан барлығы келеді, үлкен жетістіктерге жете аламыз. Мемлекет басшысы талантты, білімді, білікті жастарды мемлекеттік қызметке тарту және «Президенттің кадрлар резервін» жасақтауды қолға алатындығын және оны дамытатындығын жеткізді. Бұл әрине болашақ жастар үшін үлкен мүмкіндік. Елімізді бірге дамытайық», - деді Жансерік Жұман.