Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында жақсы туындылар түсіру маңызды екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек, - дейді ол.
Тоқаевтың ойынша, көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.
Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсіріліп жатыр. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн, - деді Президент.
Тоқаев жақында түсірілген картинаны мақтады.
Жақында “Шоқан. Қашқария сапары” деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек, - деп ойын айтты ол.