Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамы бекітілді.
Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның құрамына қоғам белсенділері, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, ауыл, өңір және шығармашыл жастардың өкілдері, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, Президенттік кадр резервінің мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары кірді.
Бұл жастардың барлығы өз саласының майталман мамандары. Өскелең ұрпақтың өзекті мәселелерін жақсы біледі. Әртүрлі жас буынның арасында зор бедел мен сенімге ие. Жаңа құрам жастар саясатын жетілдіруге байланысты тұжырымдамалық құжаттармен ұсыныстарды әзірлеуге атсалысады. Жақында Кеңестің мүшелерімен ZOOM арқылы кездесіп, алдағы жоспарларымыз бен жұмыс тәртібін ақылдастық. Ел дамуының жаңа кезеңінде Кеңес жастардың күн тәртібінде тұрған мәселелерін шешудің нақты алаңына айналады деп үміттенемін, - деп жазды Ерлан Қарин.