Президент Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейтінін айтты

19 Қазан 2022, 11:22
784
Бөлісу:
Президент Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейтінін айтты

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ, іске қосылғаннан бері оған бір де бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс. Су тапшылығы болғандықтан, Сорбұлақтың тазартылған суын пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Сорбұлақтың суымен 2,7 мың гектар егіс алқабы суарылады. Бұл су қоймасын шамадан тыс толып кетуден сақтайды. Әйтпесе, экологиялық апатқа тап болуымыз мүмкін. Алайда, мұның бәрі әлі күнге дейін реттелмеген. Сондықтан, қалдық суды тазартып, кәдеге жаратудың ережесін әзірлеуді тапсырамын. Сонда суармалы жердің аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы облысындағы болашағы зор саланың бірі – балық шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың көлемін арттыру керек екенін айтты.

Алматы облысындағы болашағы зор саланың бірі – балық шаруашылығы. Қазірдің өзінде өңірден мал етінен гөрі балық өнімдері көбірек экспортталады. Бұл саланың қуатын арттыру үшін балық шаруашылығының көлемін ұлғайту керек. Сондай-ақ, өндірістік мақсатта шабақ өсіруді қолға алу қажет. Балық инспекциясының қызметін де жандандырған жөн. Бізде 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Онда Алматы облысынан шығатын балық өнімін 25 мың тоннаға жеткізу көзделген. Осы міндетті орындау үшін балық шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың көлемін арттыру керек, – деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы