Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Қазақстан Үкіметі ескіше жұмыс жүйесінен арылып, жаңаша жұмыс істеуі керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстан қалыптасады. Мұны заңгер,Ұлттық құрылтай мүшесі, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек айтты.
Ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы туралы пікір білдірді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз елдің көкейіндегі мәселелерді ашық айтып, кем-кетігін тізіп шықты. Сын айтылды. Сараптама — шындық! Жол салу мен жөндеу «жырына» тоқталғанда, бірден мегаполис — Шымкент көріністері көз алдыма келді. Жыл сайын қазылып, айлап астан-кестен боп жататын жолдар жүргінші мен көлік жүргізушілерінің мазасын қашырады. Бұған сапасыз салынып, сосын басқа мердігерге тағы да қаржы бөліп, тағы қазатын машақатты қосыңыз. Қала аумағына қосылып, бірақ әлі күнге дейін тас төселмей, тозып жатқан көше көп. Салынғанына 10 жылдан асса да күрделі жөндеу көрмей, жөндесе де «шалажансар», көп уақыт өтпей шұрық-тесікке айналып шыға келетін көшелер көпшіліктің ашу-ызасын тудырып жатқан жайттар бар. Сондықтан, Мемлекет басшысының сыны мен шыны бір тапсырмасын тыңдап, дөп түскеніне қуандым, – дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек.
Ол қымбатшылық халыққа аяздай батып жатқанын, Президент бұған да назар аударғанына тоқталды.
Әрине, азық-түлік бағасы, нарық тұрақсыздығы, инфляция тақырыбын айналып өтпей, өзекті мәселелерді өте орынды көтерді. Халықты әбден қинаған мәселелер де осы еді. Несін жасырайын: менің жекеме жергілікті тұрғындардан көп хат түседі. Соңғы кездері «Айгүл ханым, қараңызшы азық-түлік, тіпті қант қымбаттап жатыр. «Тосап қайнатайық» десек, қант қымбат, қарызданып жүріп әзер ақша тауып барсаң — дүкеннен шекер таппайсың! Картоп, сәбіз, макарон дегенді де барынша үнемдеп жеуге көштік. Қыс кезі емес, бірақ көкөніс пен жеміс-жидек самсап пісетін жаз мезгілінде де құны шарықтап, қауын түгілі қаққа зәруміз. Балаларымызға айран-сүт бергіміз келеді. Көріп отырсыз ғой. Бәрі қымбат. Жоғарыға халықтың қиын тұрмысын айтыңызшы, «Сізден өтінеміз» дейді. Әсіресе көпбалалы аналар жазып, жанайқайын жеткізіп жатыр», – деді ол.
Ол нарық парқын бағамдау үшін базар-дүкенге арнайы баратынын айтады.
Рас, халықтың уәжі даусыз ақиқат! Премьер-министр Әлихан Смайылов мырзаға сын айтатыным да сондықтан. Бізде бағаны бақылайтын мобильді-мониторинг топтар жұмыс істемейді! Егер дұрыс жұмыс істесе — халық бұлай қиналып, тамақ үшін тақырға отырмас еді. Сондықтан Президентіміздің бүгінгі айтқандары — өте орынды әрі шұғыл шешімді қажетсінетін мәселе, – дейді Айгүл Орынбек.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыссыздық жайы, табыс көлемі, күнкөріс қамының жай-күйі қамтылды.
Әкімдерге жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тапсырма берілсе де бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз екенін шегелеген Президент тағы да «ескерту» жасады! Бастысы, білім, денсаулық және т. б салалары бойынша халық жақсы өмір сүруі үшін жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарды жүктеді. Президент тапсырмасы — айқын, атқарар жұмыс көп, қалғанын «ескіше» емес, жаңаша жүзеге асыру екенін ашық айтқан Қ.К.Тоқаев Үкіметтің бүгінгі жұмысына «орташа» деген баға берді! Мен бұл бағаны — Үкіметке берілген тағы бір мүмкіндік деп түсіндім! Сондықтан, Үкімет, атқарушы биліктегілерге соңғы артылған сенім мен жүктелген жауапкершілікті — тек халықтың игілігі үшін әділ әрі таза (лайықты) жұмыс атқарып, нақ нәтижесімен дәлелдеңіздер дегім келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі тапсырған Жаңа Қазақстан сонда ғана құрылып, қалыптасады, – деді Айгүл Орынбек.