Президент тапсырмасымен ІІМ Алматыдағы жол апаты ісі бойынша жұмысты күшейтті

Күдікті ZEEKR көлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 11:12
Бүгiн 2026, 11:12
109
Фото: pixabay.com

Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ведомство Алматыдағы резонансты жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ZEEKR көлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Оның жол апаты кезінде мас күйде болғаны анықталды.

Сонымен қатар полицияның бұрынғы қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Ашық кеңістікте тараған барлық мәлімет тексерілуде.

Объективтілікті қамтамасыз ету үшін Алматыға ІІМ-нің арнайы комиссиясы жіберілді. Оның құрамына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің өкілдері кірді.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.

Ведомство қызметтік тәртіпті нығайту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

Қалаға өзге өңірлерден күшейтілген полиция жасақтары да жіберілді. Ауқымды рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 4,8 мыңнан астам дерегі тоқтатылды. Олардың қатарында мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір пайдалану және тиісті құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айып тұрағына қойылды.

Осындай күшейтілген тексерулер ел бойынша да жүргізіліп жатыр.

Тергеу барысы оның жеке бақылауында. Кінәлілердің барлығы мәртебесі мен лауазымына қарамастан заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады, – деп жазды ІІМ басшысы Ержан Сәденов.

Наверх