Президент тапсырмасы: Бас прокуратура пилоттық жобаны бастады

8 Қыркүйек 2020, 14:12
1377
Бөлісу:
Президент тапсырмасы: Бас прокуратура пилоттық жобаны бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Павлодар облысына барып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы негізгі шешімдерді келісу бойынша пилоттық жобаның іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми сайты.

Бұл жоба Президенттің Жолдауында айтылған азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер ететін шешімдерді 2021 жылдан бастап прокурорлармен келісу туралы тапсырманы орындау аясында енгізілуде.

Пилот барысында келісу электронды форматта жүргізіледі, бұл - бұзушылықтардың дереу жолын кесуді қамтамасыз етеді және жазықсыз азаматтарды қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермейді. Қазіргі уақытта мұндай механизм Павлодар облысы мен ШҚО-да сынақтан өткізілуде. Биыл 1 қазаннан бастап оған еліміздің барлық өңірі қосылады, - делінген ақпаратта.

Осыған байланысты аумақтық прокуратуралар басшыларына заңдылықты бұзудың жолын кесу және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде толық шаралар қабылдау туралы міндет қойылды.

Сонымен қатар, сапар аясында Бас прокурор облыс әкімі және өңірдің құқық қорғау органдарының басшылық құрамының қатысуымен қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.








Өзгелердің жаңалығы