Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

1 Қараша 2022, 17:23
1510
Бөлісу:
Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?
PHOTO
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ Ғазиз Шакиров, Артём Чурсинов

Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі – Президент сайлауы өтетін күн де жақындап келеді. BAQ.KZ тілшілері президенттікке кандидаттардың сайлауалды штабтарын аралап, олардың қалай жұмыс істеп жатқанымен танысып қайтқан болатын. 

Бірінші бас сұққан штабымыз – президенттікке үміткер Қарақат Әбденнің сайлауалды штабы болды. 

Орталық штабта дәл қазір 10-нан астам адам жұмыстарын істеп жатыр. Одан бөлек, облыстарда 20 аймақтық штаб құрылған. Кестеге сәйкес, жұмыс өз ретімен жүргізілуде. Бүгін кандидатымыз Алматы облысында сапарда, кездесулер өтуде. Одан кейін Ақтөбе, Ұлытау, Қызылорда облыстарына баруды жоспарлап отыр. Жұмыс барысында ешқандай мәселелер туындаған жоқ. Материалдық жабдықталуымыз жеткілікті, - деп атап өтті Қарақат Әбденнің сайлауалды штаб басшысының орынбасары Берік Төребеков.

Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан кезектен тыс президент сайлауына кандидат.

Ел басқаруға үміткер Салтанат Тұрсынбекованың штабында да сайлауалды жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын байқадық. Бір бөлігі – кандидатпен бірге ел аралап жүрсе, кеңседегі жұмыстарды қолға алғандар ертеңге жоспарланған «Ашық есік» күніне қызу дайындық үстінде. 

Кандидатымыздың елордадағы орталық штабында 10 шақты адам өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып жатыр. Біздің үміткеріміз дәл қазіргі уақытта Түркістан облысына үгіт-насихат жұмыстары бойынша іссапарға кетті. Кешке оралады. Бірақ 18 қарашаға дейін облыстарды аралайды, - деді штаб басшысы Назым Жанғазинова. 

Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

Салтанат Тұрсынбекова – «Қазақ аналары-дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің атынан Президенттікке кандидат ретінде тіркелген болатын. 

Мемлекет тізгінін ұстауға тағы бір үміткер – Мейрам Қажыкеннің штабында сайлауалды үгіт-насихат қарқынды жүргізілуде. 

Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

Кандидаттың өзі бүгін үгіт-насихат жұмыстарымен Абай елінде жүргені белгілі болды. 

Дәл қазір штабымыздың орталық кеңсесінде есеп бөлімі, заңгерлер секілді 4-5 адам ғана бар. Қалған қызметкерлер кандидатымызбен бірге өңірлерді аралап жүр. Енді бір бөлігі үгіт-насихатпен айналысып, плакат ілу сынды шаруалармен айналысуда, - деді штаб өкілі. 

Айта кететін жайт, Мейрам Қажыкен – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы» атынан Президенттікке кандидат ретінде ұсынылғаны белгілі. 

Қазақстан Республикасы Президенттігіне «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясынан кандидат ретінде ұсынылған келесі үміткер Нұрлан Әуесбаев штабында жұмыс қызу жүріп жатыр. Штаб жұмысы таңертең арнайы стендке жоспар жазумен басталып, кешке сол жоспардың орындалуы туралы есеп берумен аяқталады. Және штаб белсенділері әр өңір бойынша белсенді жұмыс атқаруда дейді.

Нұрлан Әуесбаев өңірлерді аралауда Қарағандыдан бастады. Одан соң Ақтөбенің сайлаушыларымен кездесіп, қазіргі таңда Оңтүстік өлкеде сапар барысында. Ал кандидаттың барлық өңірдегі штаб мүшелері белсенді жұмыс жүргізуде. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары заң талаптарын сақтай отырып, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп отыр, – деді орталық аппарат басшысы Талғат Омаров.

Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

Келесі бағытымыз – «Ауыл» партия атынан кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаевтың штабы болды. Бүгінгі таңда штабта Қазақстанның барлық өңірі бойынша 1000-нан астам адам қызмет етуде. Алдағы жұмыс жоспарын талқылап, әр қызметкердің өзіндік тапсырмасы бар екендігін айтқан штаб басшысының орынбасары Ерлан Жаңатаевтан атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрадық.

Біздің штабта жұмыс белсенді жүргізілуде. Әр өңірдегі штаб мүшелері күн сайын атқарылған жұмыс барысы туралы есептер беріліп отыр. Кандидаттың туған жері Тараздан бастап сайлаушылармен кездесіп, бүгінгі күні Қарағандыда кездесу ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта барлың өңірді аралауды мақсат етіп отырмыз. Әр өңірдегі штаб басшыларының мәліметінше, біздің кандидатымызды арнайы қолдап, түрлі мәселелер туралы ұсыныстарын айтып, сәттілік тілеп келіп жатқан тұрғындардың көптігін айтады, –  дейді ол.

Бірнеше партия атынан Президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабында ерекше белсенділік байқалады. Қазіргі таңда 5000-ға жуық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде дейді штаб өкілі.

Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

Бүгінде «Ақ жол» партиясы, Халықтық коалиция, «AMANAT» партиясының және 22 қоғамдық бірлестік бірігіп Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдау үшін жұмыс жасауда. Республикадағы штабта 400-ге жуық азамат сайт арқылы келіп түскен ұсыныстар бойынша қызмет етсе, қалған өңірлерде, аудандарда штаб белсенділері белсенді жұмыс істеуде. Келіп түскен барлық ұсыныстар, тілектер сараланып сайлауалды бағдарламаға қосылып оытрады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының 30 мыңға жуық сенімді өкілдерімен кездесіп, үгіт-насихат жүргізіліп жатыр, – дейді штаб өкілі Азамат Біржанов.

Президент сайлауы. Штабтарда жұмыс қалай жүріп жатыр?

Осыған дейін Қасым-Жомарт  Кемелұлы штабқа барып, өкілдерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын жариялаған болатын. Сонда штаб сайлауға дейін 200-ден астам елді мекенді аралап, 52 мыңнан астам іс-шара өткізеді деп жоспарлаған. Жалпы үгіт-насихат жұмыстарына Халықтық коалициядан 7 мың 500 белсенді тартылып, 30 мың сенімді өкіл тіркеліп, 20 мың байқаушы дайындалғаны туралы жазған болатынбыз.

Аида БАТУХАН

Өзгелердің жаңалығы