Президент сайлауы - 2019. Жамбыл облысында 470 бақылаушы оқытылды

6 Маусым 2019, 19:35
1964
Бөлісу:
Президент сайлауы - 2019. Жамбыл облысында 470 бақылаушы оқытылды
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. «Аманат» азаматтық платформасы биылғы 17 мамырдан жұмысын бастады. Бүгінде оның бөлімшелері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыс орталығында ашылған. 

Осы аралықта кандидаттардың сайлау алдындағы штаб мүшелерімен  кездесулері, олардың дауыс беру күніне дайындығын тексеру секілді 30-дан аса іс-шара ұйымдастырды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында азаматтық платформаның Жамбыл облысындағы штабының төрайымы Парида Мамедова айтты. Қоғамдық ұйым қызметінің кезеңаралық қорытындысын баяндаған Парида Иманжанқызы Жамбыл облысында тәуелсіз бақылаушылар үшін тренингтер өткенін де жеткізді.

«Бастапқыда 459 бақылаушыны дайындауды көздегенбіз. Алайда, өмір болған соң, түрлі жағдай орын алуы ықтимал. Сол себепті оған қосымша 11 адамды оқыттық. Ал республика көлемінде 22 сәуірде таныстырылған қоғамдық ұйым штабында осыған дейін 10 000-ға жуық бақылаушы оқытылды», – деді ол.

Айта кетейік, «Аманат» платформасы – сайлаудың әділ және ашық өтуіне мүдделі қазақстандықтардың тәуелсіз ерікті қауымдастығы. Оны сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен жас буын өкілдері құрған. Еліміздің белсенді азаматтары президенттік сайлауға мониторинг жүргізіп, бес бағыт бойынша талдау жасап қадағалайды. Теңдік, саналы таңдау, әділдік, келісім және сенім қағидаттары негізінде жұмыс істейтін «аманаттықтардың» басты мақсаты – бір: сайлау барысында азаматтардың  құқықтарын тең дәрежеде қорғау.

Сонымен қатар олар мемлекет тарапынан әр кандидатқа бірдей жағдай жасап, сайлаушылардың ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді. Өз құқықтарын толық білуге үйретіп, учаскелерде тәуелсіз бақылаудың ұлттық желісін құрады. Сондай-ақ мұнда мемлекет пен қоғамның ынтымақтастықта болуы басты назарда ұсталады.
Өзгелердің жаңалығы