Президент сайлауы – 2019. Сайлауға жаппай қатысу – әрбір қазақстандықтың борышы

9 Сәуір 2019, 20:34
2708
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Сайлауға жаппай қатысу – әрбір қазақстандықтың борышы
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Сайлау тәртібі және билік органдарының сайлануы, демократиялық тұрақтылықтың болашағына ықпал етуші маңызды факторлар қатарына енеді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Философия және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, саясаттанушы Мадияр Жұмабеков 9 маусымда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты осындай пікір айтты.

"Қазақстан Республикасының Президентін сайлау институты – мемлекеттік биліктің легитимді институтын қалыптастыруды мақсат ретінде қойған, конституциялық құрылымның маңызды элементі. Құқықтық нормалардың, принциптердің, императивтердің жиынтығын білдіре отыра, сайлау институты сайлау процесін, заңды жауапкершілікті анықтап, құқықтың әмбебаптығының деңгейін, құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін сипаттайды. Сайлау тәртібі және билік органдарының сайлануы, демократиялық тұрақтылықтың болашағына ықпал етуші маңызды факторлар қатарына енеді. Жаһандық деңгейде орын алып отырған локальды қақтығыстар, миграциялық сипат алып, көрші елдерге де таралу қаупі төніп тұрған кезеңде, елімізде Президент сайлауын өткізіп, жаппай осы шараға атсалысып, тұрақтылықты, ізгілікті сақтап қалу барлы қазақстандықтардың мақсаты",-дейді ол.

Айтынша, тұрақтылық, заңдылық республика өмірінің барлық салаларында бірінші орында тұруы тиіс. Саясатта, экономика, мәдениет, рухани жаңғыру мәселелерінің барлығы ұлттық мүдде және ұлттық идея тұрғысынан шешілуі – елдің тұрақты дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің, өркендеуінің, елдігінің нығаюының басты кепілі саналады.

"Қазақстан Республикасының аймақтағы және ғаламдық деңгейдегі артып отырған халықаралық беделі, Елбасы саяси бастамаларының табысты түрде жүзеге асырылуымен, дүниежүзінің жетекші державаларымен әріптестікке негізделген ынтымақтастықтың қалыптастырылуымен, халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді сыртқы саяси қызметімен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, Республиканың экономикалық күшінің өсімінің қарқынына, сыртқы саяси бағыттағы сауда-экономикалық, шетелдермен инвестициялық қатынастарды ұдайы бағытта кеңейтуге негізделуде. Осы орайда, қалыптасқан саяси бағытты, ішкі тұрақтылықты, сыртқы көп векторлы саясатты сақтап қалу үшін де алдағы Президент сайлауы маңызды",-дейді Мадияр Жұмабеков.

 Оның сөзінше, ұлттық рух, намыс, күш жігер ұлттық мүддені тудырады. Елдің ішкі және сыртқы саясатында ұлттық мүддені қорғау — жалпықазақстандық қоғамның міндеті. Бұл ретте ұлттық рухты, мүддені, Қазақстанның сыртқы саяси бағытын заман талабына сәйкес нәтижелі мақсаттарға бағыттап отыратын жалпыұлттық идея болуы тиіс.

"Бұл қысқа мерзімде әлемдік саясатта өзіндік орын тепкен, көпұлтты мемлекетіміздің идясы арқылы ұлттық мүдделерінің халықаралық аренада жүзеге асырылуының кепілі. Елбасы өзінің отыз жылдық Президенттік қызметінде, Қазақстан Республикасының идеялық платформасын әзірлеп, іске асырды. Сондықтан Елбасының бастамаларын жалғастырып, «Мәңгілік Ел» идеясын қоғамның алтын діңгегіне емес, бүкіл республика тұрғындарының барша ісіне айналып отыр. Мәңгі елге айналу үшін еліміздің тәуелсіздігін қорғап, барша халықпен нығайту болашақтағы мақсатымыз болып табылады. Себебі, тәуелсіздік тұғыры еліміздің мұраты, ғасырлар бойындағы ата-бабаларымыздың арманы, аманаты. Бабалар арманы – әлемнің басқа да мемлекеттерімен тең тұрғыдағы қатынастарды орнатып, әлемнің саяси картасынан өзіндік орын алатын Тәуелсіз Қазақ Мемлекеті еді. ХХІ ғасыр тоғысында Қазақстан Республикасы бабалардың бұл арман мұратын іске асырды. Тәуелсіз Мәңгілік Елдің іргетасын қалап отырмыз. Сондықтан да, еліміз үшін болашақтағы даму жолының бағдаршамына айналатын, ұлтымызды ұйыстырып, арман мақсаттарға тартатын – жаңа Президентімізді сайлауға жаппай қатысып белсенділік таныту әрбір Қазақстандықтың борышы",-дейді саясаттанушы.

Өзгелердің жаңалығы