Президент сайлауы – 2019. Фермерлер белсене қатысады

25 Сәуір 2019, 14:11
2192
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Фермерлер белсене қатысады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының фермерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі үндеуіне үн қосты. 

Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында өткен жиында өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері әулиеаталықтардың алдағы саяси науқанға белсене атсалысатындығына сенім білдірді.

«Президент белгілеген сайлауға облыс тұрғындары үлкен жаупкершілікпен қарайды деген ойдамын. Өйткені Елбасы Н.Назарбаев өзінің отыз жылға жуық басқаруында Қазақстанды әлемге танытты. Сыртқы және ішкі саясатты қалыптастырды. Қазақстанды дамушы ел ретінде әлем мойындады. Қазір экономикалық-әлеуметтік салада үлкен іргелеушілік бар. Енді біз ел дамуының жаңа кезеңіне белсене араласып, келесі президентті дұрыс таңдау үшін сайлауға бір кісідей атсалысуымыз керек», - деді Жамбыл аудандық фермерлер одағы және «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Қасымхан Қанаев.

Меркі аудандық фермерлер одағының және «Совет» шаруа қожалығының жетекшісі Совет Қалманбетовтің пікірінше, әлемдегі халықаралық саяси жағдай тұрақсыз болып тұрған кезеңде елдегі қауіпсіздікке тікелей қатысы бар әлеуметтік-саяси келісімді, тұрақты прогресті қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін президенттік сайлауды өткізу өте дұрыс шешім.

Ал Байзақ аудандық фермерлер одағының төрағасы, «Орынбай ата» шаруа қожалығының жетекшісі Шахайхан Асанов Мемлекет басшысының Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуін өте өзекті, уақыт талабынан туындаған мәселе деп есептейді.

«Жамбыл облысының шаруалары Президенттің шешімін толықтай қолдайды. Елдегі ең маңызды сайлауды алдын-ала өткізіп алған соң, Қазақстан бар күш-жігерін әлеуметтік-экономикалық саладағы түйінді мәселелерді шешуге жұмсайды деген сенімдемін», - деді ол.

Сондай-ақ, «Байназар» шаруа қожалығының жетекшісі Хамидулла Байназаров сайлауға қолдау білдіре отырып, елімізде кенжелеп қалған ауыл шаруашылығын көтеруге көңіл бөлінсе екен деген ұсынысын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы