Президент сарайы. Ақорда туралы не білеміз?

2 Қараша 2021, 17:16
5828
Бөлісу:
Президент сарайы. Ақорда туралы не білеміз?
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақорда – егемен еліміздің басты нысаны ғана емес, елорданың басты символы екені белгілі. Айшықты атауды иеленген ғимаратқа отандық блогер Әлішер Елікбаев саяхат жасады.

Мемлекет басшысы отыратын сарай – сәулет өнерінің заманға сай бейімделіп жасалған сәнді де сәтті туындысы. Алтын, көк және жасыл түстермен апталған резиденцияның сыртқы келбеті мен ішкі залдарының көркі бір-бірімен үйлесім тапқан.

Белгілі болғандай, резиденцияда арнайы экскурсия жасайтын экскурсия жетекшісі деген маман бар.

Ақорда бірінші қабатта орналасқан Орталық салтанатты холдан басталады. Ол жерде құрметті қарауылдың қатысуымен ресми қабылдаулар, өзге мемлекеттердің басшыларымен кездесулер өтеді. Төбесінің биіктігі – 12 метр. Холдың ортасында 6 метр болатын зәулім күмбезді 600 тетігі бар аспалы хрусталь шам ілінген.

Сондай-ақ бірінші қабатта ел Президенті БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясы мен кездесулер өткізетін зал, сонымен қатар Қысқы бақ орналасқан.

Екінші қабатта қызметтік бөлмелер бар.

Үшінші қабат бірнеше залдан тұрады. Үшінші қабаттағы ең салтанатты залдардың бірі – Шығыс залы. Ол киіз үй түріне орайластырылып, мәрмәр мен гранитпен безендірілген. Ал Мәрмәр залы Қазақстан Республикасының Президенті мен шетел мемлекет және үкімет басшыларының ресми сапарлары мен саммиттерінің барысында құжаттарға қол қоюға арналған. Осы залда Қазақстан Республикасында тіркелген шет мемлекеттер елшілеріне сенім грамоталарын тапсыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және құрметті атақтарымен марапаттау рәсімдері өтеді. Алтын залда ел Президентінің шетелдердің мемлекет және үкімет басшыларымен шағын құрамда келіссөздері мен кездесулері, шетелдік делегациялармен, елшілермен кездесулері өтеді.

Қонақ бөлме Қазақстан Президентінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін шет мемлекеттер елшілерімен әңгімелесуіне арналған.

Әр қабаттағы баспалдақтар аптасына бір рет арнайы шаңсорғыштармен жуылады.

Резиденцияның дәліздері сәулет өнерінің туындылары, қылқалам шеберлерінің суреттерімен безендірілген.

Астыңғы қабаттарда түрлі техникалық қызметтер, гараж, асүй мен асхана орналасқан.

Ақорданың ішкі сәулеті мен безендірілуі Қазақстанның заманауи мемлекеттік стилін бейнелейді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясы біздің еліміздің ең маңызды және танымал символдарының бірі мәртебесін иеленген.


Өзгелердің жаңалығы