Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Біз былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік, - деді ол.
Президент ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасының маңызы зор екенін айтты.
Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ, 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және елімізге ауқымды инвестиция тарту маңызды екенін айтап өтті.
Баршаңызға мәлім, мен биылғы Жолдауымда еліміздің жаңа экономикалық бағдарын ұсындым. Басты қағидаттарымыз әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке болмақ. Яғни, біз қазір Жаңа экономикалық саясатқа жол ашып отырмыз. Негізгі мақсат – ұлт байлығын әділ бөлу, инфрақұрылымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және елімізге ауқымды инвестиция тарту. Үкімет пен әкімдер Мемлекет басшысының тиісті нұсқауларын, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Бұл жұмыс Парламенттің жіті бақылауында болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өзгерістердің игілігін жақын арада еліміздің барлық азаматы көруге тиіс, - деді ол.