Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, экономиканы құрылымдық реформалау және әлеуметтік даму – басымдыққа ие. Сондай-ақ Президент соңғы жылдары Қазақстан жаңа индустриялық іргетас қалыптастырып, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын іске асырып келе жатқанына тоқталды.
Біздің аумақ – Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғап тұрған басты құрлықтық дәліз. Сондықтан біз көлік-транзиттік әлеуетті нығайтуға айрықша көңіл бөлеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол жаңа инвестициялық кезеңді іске қосу және кәсіпкерлікті қолдау – басты міндеттердің бірі деп атады. Сөзінше, бұл мақсатта мемлекет инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнес-құрылымдарды жетілдіріп жатыр.
Ұлттық экономиканы дамытуда біз ауқымды мемлекеттік қаржы құюды ірі жеке инвестициялармен ұштастырамыз. Алайда елдің ең үлкен байлығы – адам капиталы. Сондықтан мемлекет адами әлеуетті нығайту үшін кешенді шаралар қабылдауда, – деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде қазір Таяу Шығыстағы жағдай күрделі екенін мәлімдеді.