Президент пандемия салдарынан туындаған проблемаларға тоқталды

14 Қыркүйек 2022, 11:35
857
Бөлісу:
Президент пандемия салдарынан туындаған проблемаларға тоқталды

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Коронавирустың белең алуы бүкіл әлемнің экономикасына, әлеуметтік қатынасына әсер етті. Өкінішке қарай, дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесі бұл жаһандық проблеманы тиімді шеше алмады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айтуынша, індетпен күрес тыйымдардың көбеюіне, соның ішінде, саяхаттау мен экспорттың, халықаралық институттардың әлсіреуіне әкеліп соққан. 

Жаңа пандемияның қатерін ескере отырып, әріптестіктің жаңа тетіктеріне қайта мән беру қазіргі уақытта аса қажет. Халықаралық сауда мен экономикалық серіктестікте жаңа тәсілдер, сондай-ақ дамушы мемлекеттерге қолдау керек. Карантиндік талаптар жеткізу тізбегін бұзып, туризм, көлік қызметі саласы мен шаруашылықтың өзге де секторларына жағымсыз әсер етті, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Дәл қазіргі уақытта елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Оған 50 мемлекеттен 100-ден астам делегация өкілдері, оның ішінде, ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері қатысуда. 

Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф арнайы ат басын бұрды. 

Өзгелердің жаңалығы