Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Президент мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басқанын айтып өтті.
Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар, - деді ол.
Сондай-ақ Тоқаев Жаңа Қазақстанның бүгінгі бейнесі Әз Наурызбен толық үндеседі, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қасиетті Отанымыз мүлде жаңа сипатқа ие болғанын айтты.
Мұны дүние жүзінің көптеген елдері мойындап отыр. Енді саяси жүйесі толық жаңғырған еліміз тың қарқынмен дамиды. Бұл реформалар экономиканың өсуіне, халық табысының артуына жол ашады. Реформалар міндетті түрде жалғасын табады. Біз жан-жақты дамыған қуатты мемлекет боламыз! Бұл – негізгі мақсатымыз, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығының тілегі – бір.
Бұл – елдің амандығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Біз осы ортақ мақсат жолында жұмыламыз. Алда атқаратын жұмыс көп. Бірлігімізді бекемдеп, бір ел болып іске кіріссек, алынбайтын асу жоқ. Мен жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болады деп сенемін. Мемлекеттің мүддесі – бәрінен биік, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сенетін атап өтіп, Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.
Біз жастарымызға қамқор болып, оларға барынша жағдай жасаймыз. Мен жастарға сенемін! Оларға зор үміт артамын! Ел болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Ендеше, туған елімізді бірге дамытайық, ағайын!» «Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын! Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!, - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.