Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды.
Коронавирус пандемиясы әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Бұл эпидемия елімізде білікті дәрігерлердің жетіспейтінін көрсетті. Оған себеп - еңбекақының төмендігі, осы мамандық беделінің төмендігі мен дәрігерлер құқығының қорғалмағандығы, - деді президент.Мемлекет басшысы сондай-ақ, дәрігерлер бүгінгі таңда ең төменгі жалақы алып отырғанын жеткізді.
Үкіметке осы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырамын. Олардың жалақысы экономикамыздағы орташа еңбекақыдан 2,5 есе жоғары болу керек. Бұл көрсеткіштерге біз 2023 жылы жетуіміз керек, - деді Тоқаев.
Айта кетсек, бүгін президенттің қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы онлайн режимде өтті. ҰҚСК мүшелерінің ұсынысымен күн тәртібінде адам капиталын дамыту мәселесі қаралды, әсіресе білім беру саласын дамыту жолдары талқыланды.
Жиын барысында президент еліміз коронавирус пандемиясының шарықтау шегінен өткенін мәлімдеген болатын.