Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Президент: Машина жасау саласы экономикаға тың серпін береді

24 Сәуір 2025, 12:17
664
Бөлісу:
 primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Астанада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумында Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының XII форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұл – бизнес өкілдері мен білікті мамандарының осы салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға және ортақ ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретін айтулы жиын. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау саласының үлесі соңғы 5 жылда 13-тен 19 пайызға дейін өсті. Өндіріс көлемі 4,6 трлн теңгеге жетті. Жаңа өнім түрлері шығарылып, тауар экспорты да айтарлықтай артты. Ел нарығына ауыл шаруашылығы техникалары мен автобустар, жеңіл және жүк көліктерін жасайтын жаңа компаниялар келді. Биыл Қазақстанда әлемдегі ірі компаниялардың жоғары технологиялы ірі кәсіпорындары іске қосылады, - делінген Президенттің құттықтауында. 

Айтуынша, мұның бәрі мемлекеттің отандық өндірісті қолдауға қатысты жүйелі шараларының жемісі.

Машина жасау ісін бұдан әрі өркендете түсу үшін жергілікті өндірістің үлесін арттыру және озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні жаппай енгізу қажет. Сонымен қатар жұмысшыларға жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, білікті мамандар даярлауға және олардың біліктілігін көтеру маңызды. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында болашағы зор салаларды барынша дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Еліміздің машина жасау саласы бүкіл экономикамызды өркендетуге тың серпін беруі үшін өз әлеуетін толық іске асыра алады деп сенемін, - деп жазылған Мемлекет басшының сөзінде.

Форум жұмысында саланың жетістіктері мен кемшін тұстары талқыға түсуде.

Айта кететін жайт, форумға Австрия, Бразилия, Германия, Италия, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Ресей сынды 20-дан астам елдің делегаттары қатысуда. Екі күнге созылатын форум жұмысында отандық машина жасау саласының өзекті проблемалары, болашағы бар бағыттары мен өндірістің жаңа мүмкіндіктері сынды мәселелер алға қойылады.

Өзгелердің жаңалығы