Мәдениет және спорт министрі Мемлекет басшысының мәдениет, спорт және архив ісі салаларының көрнекті өкілдеріне құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінгі таңда әйелдер тек отбасының қамқоршысы ғана емес, сонымен қатар еңбекте де үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мәдениет және спорт министрлігінде, сондай-ақ оған бағынысты ұйымдарда 15 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 10 мыңы - әйелдер. Мысалы, Ұлттық архив ұжымының 80 пайызын әйелдер қауымы, – деді Оралов өзінің Facebook-тегі жазбасында.
Президенттен құттықтау хат алғандардың қатарында Димаш Құдайбергеннің әжесі - Миуа Мүбаракшақызы, жазушы, журналист - Шәрбану Бейсенова, Қазақстанның Еңбек Ері, әнші - Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, педагог - Тойған Ізім, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші - Тамара Асар, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы - Раушан Мұсақожаева, «Қазақконцерт» директоры Ақтоты Райымқұлова және басқа да мәдениет, спорт, архив ісі саласының қызметкерлері мен ардагерлері бар.
Халықаралық әйелдер күніне арналған осындай іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде өтуде. Аналарымыздың, әжелеріміздің және әпкелеріміздің ерен еңбегін атап өту өте маңызды. Өйткені, олар өскелең ұрпақты тәрбиелеп қана қоймай, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосып отыр. Олар ел игілігі үшін аянбай еңбек сіңіріп келеді. Барлық әйелдерді көктемнің керемет күні - 8 наурыз мерекесімен тағы да құттықтаймын, – деді Асхат Оралов.