Президент «АрселорМиттал» компаниясы басқармасының атқарушы төрағасы Лакшми Митталды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстандағы қызметінің өзекті мәселелері мен алдағы уақытқа арналған жоспары талқыланды.
Сондай-ақ өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындарға әділ еңбекақы төлеу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау және материалдық-техникалық базаны жаңғырту мәселелері әңгіменің арқауына айналды.
Мемлекет басшысы компанияның аталған талаптар мен міндеттемелерді орындауы аса маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Президент ішкі нарықтың қажеттілігін «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының өнімдерімен өтеу мәселесіне мән берді.
Бұдан бөлек, компанияның парниктік газ шығарындыларын азайту шараларына да назар аударылды.
Лакшми Миттал Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуық арада «АрселорМиттал» компаниясы Қазақстанға 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция құятынын, оның басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға бағытталатынын жеткізді.