Президент күшіміздің кілті білімді жастарда екенін айтты – Алматов

1 Қыркүйек 2022, 16:59
1228
Бөлісу:
Президент күшіміздің кілті білімді жастарда екенін айтты –  Алматов
Фото: автордан

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов Жолдау туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

«Балапанды күзде сана» демекші, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті рет Жолдауын дәл бірінші қыркүйек білім күні жолдады. 

Бес бағдардан тұратын Жолдаудың биылғы атауы да еріксіз назар аудартқызады. Қазақстан тұрғындарының әділ, біртұтас, берекелі қоғамда өмір сүруі үшін жаңа кезеңге жаңа қадаммен бару орынды шешім болмақ. 

 Білім қай уақытта болмасын маңызды саланың бірі. Болашағымыз өркендеп, көркею үшін әрине сапалы білім қажет. Мектепке дейінгі тәрбие жұмыстары, атап айтқанда балабақшаның жеткілікті болуын, тәрбиешілердің жалақысын көбейтуді, кәсіби міндетіне кірмейтін артық жұмыстарды істетпеу қажеттігін Президентіміз Жолдауында баса айтып өтті. Сондай-ақ білікті ұстаздардың білімі ұрпаққа ауадай қажет. Яғни орта білім әр балаға сапалы берілсе одан ұтылмаймыз. Бұл ретте Президент «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынғанын, 2025 жылға дейін 800 мың баланың білім алуын қамтамасыз ететінін, апатты мектептер мен үш ауысымды мектептердің мәселесін де ұмыт қалдырмай айтып өткені қатты қуантты, - деді департамент басшысы Ғалымжан Бауыржанұлы. 

Оның сөзінше, бұл жоба ауыл мен қаладағы мектептердің айырмашылығын азайтуға атсалысады, ал мектеп салу мәселесін Үкімет пен әкімдік Жолдауда айтылғандай шешуге атсалысуы тиіс. 

Бүгінгі Жолдауда Президент жемқорлардың көлеңкелі жолмен тапқан ақшасын сотталғаннан кейін мемлекетке қайтарып, сол қаржыға мектеп салу керектігін де қатаң айтты. Бұл бастаманы Үкімет заңды түрде рәсімдеу керектігін, ал оқушылардың мектепке киетін формасы қолжетімді болу, отандық формаларды дамыту, бюджет есебінен жағдайы нашар отбасының балаларына мектеп формасы берілуі керектігін еске сала кетті, - деді Ғалымжан Алматов. 

Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері педагог мамандығының мәртебесін де, жалақысын да көтеруге біраз жұмыстар атқарылды. Десе де, қазіргі ғаламның жылдам даму үрдісін ескерсек, оқушыларды ғылыми-техникалық пәндермен математика, жаратылыстану т.б оқытатын ұстаздар қажет. 

Жолдауда маған тағы бір ұнаған тұсы, Президентіміз елімізде техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын сұранысқа ие болуын, заманның қайда бағыт алып жатқанын аңғарып, соған сай бейімделіп отыруын нұсқады. Сонымен қатар, оқушы мен ата-аналарды да алған білімді іске асыруына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Президент күшіміздің кілті білімді жастарда екенін айтты, - деді департамент басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы