Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыс сапарымен Жамбыл өңіріне барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Көне Тараз» археологиялық саябағын аралап көрді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына І – ХІХ ғасырлар аралығын қамтитын республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш туралы баяндалып, өңірдегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған алтын, күміс тиындар, керамикалық қолөнер бұйымдары және басқа да құнды жәдігерлер таныстырылды.
Сонымен қатар, «Шахристан – көне Тараз» кешенінің макеті көрсетіліп, алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді.
«Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді. Бұл жұмыстарға тұрақты қолдау көрсетіледі. Бұл салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Көне Тараз» саябағы келешекте халықаралық туристік орынға айналады деп күтілуде. Облысқа өткен жылы 145 мың турист келсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында тарихи орынды 16 мың адам тамашалаған.