Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым.
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы туралы да айтты.
2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Әрине, бұл процесс бастапқыда ойлағандай тез жүріп жатқан жоқ. Мұның объективті себептері бар. Жекелеген мәселелер Тараптар үшін өте өзекті.
Прагматизм және әрбір қадамның жан-жақты пысықталуы жоспарланған мерзімде жүзеге асыруға деген ұмтылыстан басым болуы керек. Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.