Президент бір жыл ішінде өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүріп, 252 сағат уақытын ұшақта өткізді. Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы және көмекшісі Руслан Желдібай жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жыл Қазақстан үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан мазмұнды, шешуші кезең болды. Биыл Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы қызметі ерекше қарқын алып, ел дамуына бағытталған нақты істерімен айқындалды.
Жыл ішінде Президент шетелге 23 рет сапарға шықты. Оның ішінде Ресей мен Өзбекстанға мемлекеттік сапарлар жасалды. Бұл елдермен байланыс – Қазақстан үшін тек көршілік қарым-қатынас емес, экономикалық және саяси серіктестіктің өзегі.
Сонымен қатар Қытай, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапонияға ресми сапарлар ұйымдастырылып, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.
Ал жұмыс сапарларының географиясы одан да кең болды. Ресейге, АҚШ-қа, Түрікменстанға бірнеше мәрте барылды. Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан мен Қырғызстан да осы тізімде. Бұл сапарлардың әрқайсысында нақты тақырыптар көтерілді: сауда, инвестиция, логистика, көлік дәліздері, энергетика.
Нәтиже де бар. Халықаралық кездесулер барысында жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – жай ғана қағаз жүзіндегі уағдаластық емес, алдағы жылдары ел экономикасына келетін нақты жобалар мен инвестициялар.
Президенттің халықаралық күн тәртібі тек сапарлармен шектелмеді. Жыл ішінде ол шет мемлекеттердің үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, ірі бизнес өкілдерімен және сарапшылармен 186 кездесу өткізді. Бұған қоса, өзге елдердің президенттерімен 43 рет телефон арқылы сөйлесіп, жедел мәселелерді тікелей талқылады.
2025 жылы Қазақстанның өзі де халықаралық диалогтың маңызды орталығына айналды. Жыл ішінде елімізге шет мемлекеттердің басшылары 30 рет сапармен келді. Олардың қатарында Қытай, Италия, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Финляндия, Мажарстан, Әзербайжан, Швейцария, Иран және өзге де елдердің мемлекет және үкімет басшылары бар. Бұл – Қазақстанға деген сенімнің және елдің өңірдегі, тіпті жаһандық деңгейдегі рөлінің артқанын көрсетеді.
Сондай-ақ төрт ресми рәсім барысында Мемлекет басшысы 30 мемлекеттің Қазақстандағы елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Бұл да сыртқы саясаттың көзге көрінбейтін, бірақ маңызды бөлігі.
2025 жыл Қазақстан үшін «үнсіз дипломатия емес», керісінше белсенді келіссөздерге, нақты нәтижелерге толы кезең болды. Ал бұл бағыттағы жұмыстардың түпкі мақсаты біреу – ел экономикасын күшейтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру.