Президент Бейжіңде өткен форумда серіктестік желісін құруды ұсынды

18 Қазан 2023, 10:42
1036
Бөлісу:
Президент Бейжіңде өткен форумда серіктестік желісін құруды ұсынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев мұндай ұсынысты Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумында ұсынды.

Мемлекет басшысы халықаралық форумда сөйлеген сөзінде аса ірі жоба – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды.

Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге септігін етеді. Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз, - деп айтты Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа жаһандық жоба саналатын «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясындағы серіктестік мол мүмкіндіктерге жол ашады.

Цифрлық және зияткерлік ықпалдастықтың жаңа моделін құру экономикамыздың инновациялық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады, - деп айтты Президент.

Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Си Цзиньпинге ҚХР түрлі халықтардың ортақ тарихи тағдыры тұжырымдамасы негізінде Қытайдың жаңа дәуірін қалыптасыруда одан әрі зор жетістіктерге жететініне сенім білдірді.

Еске салсақ, Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумда Си Цзиньпин Қытай әлемдегі барлық елді жаңғыртуға көмектесуге дайын екенін айтқан еді. Президент «Бір белдеу, бір жол» жаһандық ауқымды жобаға айналғанын, сонымен қатар Қытай бастамасын 21 ғасырдың мегажобасы деп атады. Сондай-ақ ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөлін атаған еді.

Өзгелердің жаңалығы