Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі. Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады, – деді Президент.
Сонымен қатар ол еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндірілетінін айтты.
Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді. Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент қазір еліміздің жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басқанын да айтып өтті.
Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді. Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін, – деді Тоқаев.