Президент Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады

19 Наурыз 2020, 12:38
1379
Бөлісу:
Президент Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады.

Қадағалау ведомствосының жетекшісі мемлекет басшысына Төтенше жағдай кезінде еліміздегі құқықтық тәртіпті сақтау үшін қабылданған шаралар туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бас прокуратурадағы және жергілікті жерлердегі іс-қимылдар мен шешімдерге дер кезінде құқықтық баға беру үшін шұғыл әрекет ету штабтары құрылғаны жайында мәлімет берілді.

Ғизат Нұрдәулетов жекелеген медициналық құрал-жабдықтарды қолдан қымбаттатуға жол бермеу, жалған және арандатушылық ақпараттардың таралуына қарсы күресу мақсатында, сондай-ақ, төтенше жағдай режимінің бұзылуына қатысты құқық қорғау органдарының қабылдайтын шаралары туралы айтты.

 Қазақстан президенті азаматтардың құқықтары мен қоғам мүддесін сақтаудың, уақытша шектеу шаралары кезінде заңдылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына баса мән берді.

Өзгелердің жаңалығы