Президент Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстандағы Православ шіркеуінің мемлекет пен конфессия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ рухани құндылықтар мен дінаралық диалогты ілгерілетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Президент ортақ күш-жігердің нәтижесінде елімізде көптеген этнос өкілдері мен түрлі дінді ұстанатын халықтар өзара тату өмір сүріп жатқанына назар аударды.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Православ шіркеуінің діни қызметін қолдау мәселесінде конструктивті қарым-қатынасты сақтау маңызды екенін атап өтіп, әлеуметтік және ағартушылық бағдарламаларды дамыту қажет екенін айтты.
Өз кезегінде митрополит Александр Қазақстанның көркейту жолында бейбітшілік пен бірлікті нығайту ісін қолдайтынын жеткізді және Президентке алғаш рет қазақ тілінде жарық көрген дұға кітабын табыс етті.