Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы қабылдаған бұл заң археологиялық қызметті жүйелеуге және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды күшейтуге арналған кешенді әрі бірізді нормаларды бекітеді. Құжат 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүйелеу, археологиялық мұраны қорғау және тиімді пайдалану мәселелері бойынша ортақ ұстаным қалыптастыруға бағытталған.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және археологиялық қызметті реттеу, ұлттық бірегейлік пен құндылықтарды сақтауда айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы археология саласында тәртіп орнату, жауапкершілікті арттыру және мәдени мұралардың жоғалуына жол бермеу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұған дейін қолданыста болған заңнамалар археологиялық жұмыстарды үйлестіруді және анықталған объектілерді толық есепке алуды жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алмады.
Заңның жаңа редакциясында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ лицензия беруге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау көзделген. Ұлттық археологиялық қызметтің жұмысы заңмен бекітіліп, оның құзыреттері айқындалған. Археологиялық жұмыстарды үйлестіру, мамандарға ғылыми-кеңес беру және ақпараттық-талдамалық қолдау көрсетілетін болады.
Сондай-ақ заң археологиялық жұмыстар бойынша Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құруды қарастырады. Бұл жүйе археологиялық зерттеулер барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері туралы мәліметтерді жинақтауға, олардың ашық есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құжатта жер учаскелерін беру тәртібі тарихи-мәдени сараптама қорытындысын ескере отырып нақтыланған, археологиялық олжалар мен археологиялық материалдарды табыстау, сақтау және пайдалану мәселелері реттелген. Бұдан бөлек, жаппай археологиялық олжалар мен археологиялық материалдарды орталықтандыру, жинау және сақтау үшін Ұлттық депозитарий құрылады.
Қабылданған өзгерістер археологиялық жұмыстардың ерекшеліктерін ескере отырып, жоспарлы және жоспардан тыс (алдын-алу) зерттеулерді ажыратуды, сондай-ақ қазба жұмыстарын жүргізу кезінде ұйымдардың қызметіне және техникалық құралдарды пайдалануға қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды. Бұл саланы реттеуге және айқын әрі түсінікті жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы қол қойған заң тарихи-мәдени мұраны қорғау үшін заманауи әрі жауапты көзқарасты қалыптастыруды мақсат етеді. Сондай-ақ археологиялық құндылықтарды сақтауға, ғылымды дамытуға және Қазақстан Республикасындағы археологиялық қызметтің жүйелі жұмыс істеуіне сеп болады.