Бұл туралы Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орталық Азия туралы айтар болсақ, біз оның қазірдің өзінде халықаралық ынтымақтастық үшін мол мүмкіндіктері бар аймақ екенін есте ұстауымыз керек.
Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге аймақты одан әрі дамыту мақсатында өзара саяси іс-әрекетті нығайтуға және экономикалық байланыстарды тереңдетуге ниеттіміз.
Біз тату көршілік қарым-қатынастарды сақтауға және ынтымақтастықты әртараптандыруға бейілдіміз.
Бұл сенім біздің маңызды табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарымызға, адами капиталға және транзиттік әлеуетімізге негізделген. Біз – Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы аралық нарықпыз.
Біз климаттың өзгеруі, Арал теңізі, су ресурстарын ұтымды пайдалану, шекараны делимитациялау, экстремизмге қарсы күрес және аймақішілік сауданы кеңейту мәселелерін қамтитын өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстарды жалғастыруға ниеттіміз.
Сондықтан Алматы қаласында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаты жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды деп есептейміз.
Қазақстан Ауғанстанның болашағын көрші елдермен бейбіт қарым-қатынаста болатын шынайы тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, дамыған мемлекет ретінде көргісі келеді.
Сондықтан аса маңызды гуманитарлық көмек көрсете отырып, осы елде мемлекеттілік қалыптасуының күрделі процесін қолдаймыз, - деді Тоқаев.