Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттары табысталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазмедиа орталығында» Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімі өтті.Салтанатты іс-шара барысында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған құттықтауын оқыды.
– Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер.Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді. Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі. БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығы – соның бір көрінісі. Оның иегері атанған азаматтардың есімі қазақ журналистикасының жылнамасына жазылатыны сөзсіз. Жыл сайын ең таңдаулы журналистерге берілетін марапат осымен жиырма бесінші рет табысталып отыр. Бұл сыйлыққа қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ие болудың да символдық мәні бар, – делінген Президенттің құттықтауында.
Содан кейін Дәурен Абаев Президент сыйлығы мен грантының иегерлерін, Алғысын алған шығармашылық ұжымдарды құттықтады.
Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы ««Хабар 24» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі Захарчук Вера Николаевнаға, «Qmonitor.kz» желілік басылымының шолушысы Исабаева Сәуле Борисқызына, «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясының жетекшісі Құтпанбаев Бақыт Жағыпарұлына, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының БАҚ-пен жұмыс департаментінің бас менеджері Ойшыбаева Жаннат Бақтығұлқызына берілді.
Президент гранттарын «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Байғараев Нұрмұхамед Исманұлы, «КТК» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясы орталық редакциясының редакторы Нұрақын Диас Ермекұлы, «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы «Ашық алаң» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі Толықбаев Мақсат Мәлікұлы, «Мұнара» газетінің бас редакторы Хасанов Серікбол Тілепбергенұлы иеленді.
Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаттары «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының, «Вечерний Алматы» газетінің, «Қазақ радиолары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Сарыарқа» телеарнасының шығармашылық ұжымдарына табысталды.
Мемлекет басшысының алғыс хаттары еліміздің барлық өңіріне жіберілді. Аталған марапаттар әр аймақтан үздік деп танылған журналистерге салтанатты түрде табыс етіледі.