Бүгін "Qazcontent" акционерлік қоғамының кеңсесіне Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының орынбасары цифрлық медиа кеңістікте қызмет етіп жатқан бірқатар жобалардың жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, BAQ.KZ, El.kz, E-history.kz және Әдебиет порталының редакцияларында болып, контент өндірісі, жаңалықтар тарату тетігі, тарихи және әдеби мұраларды насихаттау бағытындағы бастамаларға назар аударды.
Кездесу барысында Ермек Көшербаев Qazcontent құрамындағы сайттардың ақпарат таратудағы маңызын атап өтіп, мемлекеттік саясатты түсіндіру мен халықты сапалы контентпен қамтудағы үлесін жоғары бағалады.
Еске салайық, Qazcontent акционерлік қоғамы — еліміздегі жетекші медиа-холдингтердің бірі. Оның құрамына бірнеше ірі ақпараттық және танымдық порталдар кіреді. Компания отандық медианың цифрлық трансформациясын жүргізіп, аудиторияның сұранысына бейімделген контент әзірлеуге басымдық беріп отыр.