ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдің көлік-логистикалық және агроөнеркәсіптік әлеуетін дамыту барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талдықорған әуежайында Үкімет басшысына Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Үшарал – Достық, Сарыөзек – Көктал, Лепсі – Балқаш автожолдарын және Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, сондай-ақ облыстың Алакөл ауданында транзиттік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндама ұсынылды.
Облыста транзиттік әлеуетті дамыту үшін барлық ресурстар бар. Оның аумағында «Достық» және «Нұр жолы» екі халықаралық өткізу пункті, «Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол стансалары орналасқан, халықаралық транзиттік маршруттар өтеді. Өңірдің барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы бұл бағытта Достық – Мойынты т/ж учаскесінде екінші жолдардың құрылысы уақтылы басталғанын атап өтті, өйткені Қытайдың шектеулерді алып тастауы аясында Еуропаға жүк тасымалдау қарқынды өсуде. Премьер-Министр сонымен қатар Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды аяқтаудың маңыздылығын атап өтті, соның арқасында үлкен фюзеляжы бар әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі пайда болды.
Бұдан әрі Премьер-Министр бірнеше жыл бұрын ауқымды жаңғыртудан өткен Көксу қант зауытына барды. Кәсіпорында жоғары сапалы шетелдік жабдықтар орнатылды, жылумен жабдықтау газға ауыстырылды және жаңа техника сатып алынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт 70 мың тоннаға жуық қант шығарды, 2023 жылға арналған жоспар – 92 мың тонна. Әлихан Смайылов мемлекет ақ қант өндірушілеріне бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын көрсетіп отырғанын атап өтті, соның ішінде «айналым схемасы» шеңберінде. Сондай-ақ қант қызылшасының егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейтін Қант саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданды, атап айтқанда, Жетісу облысында 2026 жылға қарай жалпы жиналған өнім шамамен 525 мың тоннаны құрайтын болады.
Осыған байланысты жаңа алқаптарды өңдеп, суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Сумен қамтамасыз ету бөлігінде су шаруашылығы объектілерін реконструкциялау жөніндегі шаралар көзделген. Қант зауыттары да жаңғыртылып, 2026 жылға қарай өндірілетін ақ қант көлемін 180 мың тоннаға дейін жеткізу қажет, — деді ол.
Сонымен қатар Үкімет басшысы мұнда өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, онда субсидиялау, жер алқаптарының қолжетімділігі, басқа да қолдау шараларын ұсыну және т. б. мәселелер көтерілді. Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне көтерілген проблемаларды талдау және оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырып, өткен жылы мемлекет саланы қаржыландыруды екі есеге арттырғанын және осы көлемді ағымдағы жылы да сақтап қалғанын айтты. Премьер-Министр сапар аясында «Каримов» ЖК сүт-тауар фермасының қызметімен танысты, ол 2022 жылы жергілікті сүт өңдеу зауыттарының жүктемесін қамтамасыз ету және сүт өнімдерінің импортын азайту үшін айтарлықтай кеңейтілді. Қазір кәсіпорында 900-ге жуық ірі қара мал басы бар.