Премьер-министр «Shell» компаниясының атқарушы вице-президентімен кездесу өткізді

16 Наурыз 2022, 20:15
1306
Бөлісу:
Премьер-министр «Shell» компаниясының атқарушы вице-президентімен кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов «Shell» компаниясының атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесті. 

Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қазақстан мен SHELL компаниясының арасында инвестициялар тарту, сондай-ақ энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, тараптар өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарларды талқылады. 

Біздің ынтымақтастығымыз алдымызда тұрған міндеттерді, бірінші кезекте жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге, сондай-ақ өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді, — деді Премьер-министр Ә. Смайылов. 

Өз кезегінде Питер Костелло Қазақстан «Shell» компаниясының стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Екіжақты өзара тиімді жұмыс одан әрі жалғасатын болады.  Мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ҚР Премьер-Министрі Үкімет Шетелдік инвесторлар кеңесінің қазақстандық қауымдастығымен бірлесіп жақсартылған модельдік келісімшартты енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл келісімшарт фискалдық және реттеушілік преференциялар пакетімен бірге жаңа теңіз жобаларына, құрлықтағы күрделі жобаларға және газ жобаларына қолданылатын болады. 

Қазіргі уақытта біз қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандағы мұнай-газ жобаларын дамыту біздің стратегиялық әріптестеріміз үшін одан да тартымды болатынына сенімдіміз, — деді Ә. Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы