Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ҚР премьер-министрі Асқар Маминның төрағалық етуімен Біліктілік жөніндегі Ұлттық кеңес отырысы өтті.
Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер - біліктіліктер мен кәсіби стандарттардың салалық негіздерін әзірлеу бойынша жұмыс қорытындылары талқыланды.
Ұлттық кеңес отырысы Кәсіптік-техникалық колледжде өтті. Оған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және жауапты құзыретті органдардың өкілдері қатысты.
Жиында дуалды оқыту мен тегін техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру үшін оқу жоспарларын өзектілендіру, басымдықты салалар бойынша жаңа кәсіптер Атласын әзірлеу, сондай-ақ, жаңа цифрлық жобаларды енгізу арқылы әлеуметтік көмек жүйесі мен нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту мәселелеріне көңіл бөлінді.
Бізде өткен жылы 70 кәсіптік бағдарлама әзірленген болатын. Сол бағдарламаға қатысты қазіргі таңда Білім министрлігі тарапынан 38% әдістемелік оқулықтар әзірленген. Оны жоғары оқу орындары мен орта білім беру мекемелері және колледждер қолдана алады. Министрдің нақтылағаны - осы әзірленіп жатқан 480 кәсіби біліктілік стандарттарын министрлік өз тарапынан қабылдады. Сондықтан біздің жобалық офистің қатарында сол 480 бағдарламаға оқу-әдістемесін дайындайтынын айтты бүгінгі отырыста, - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жобалық кеңсесінің жетекшісі Ерасыл Жұманбаев.
Оның айтуынша, осыған дейін министрлік кәсіби стандарттардың әзірленіп біткенін күткен екен. Енді оны "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қабылдаған соң Білім және ғылым министрлігі тиісті методиканы әзірлейтін болады.
Біліктілік жөніндегі Ұлттық кеңес ҚР Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңес беру органы. Ол еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістерді ескерумен біліктілігі жоғары және сұранысқа ие отандық кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеуге бағдарланған.