Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасының 16-турында Талдықорғанда «Жетісу» мен «Тобыл» кездесті.
«Тобылдың» биыл чемпион атануға керемет мүмкіндігі бар. Бәрі әрине өздеріне байланысты. Басты қарсыластары да жиі ұпай жоғалтып жүр. Қазіргі кезде «Тобыл» екінші орындағы «Астанадан» 3 ұпайға озып тұр және елорда клубынан екі ойыны кем.
Газзаев шәкірттері бұл жолы Талдықорғанда «Жетісумен» кездесті. Бірінші таймда қонақтар белсенді болды. Голды да соғып үлгерді. Ники Квеквескиридің бұрыштамадан көтерген добын Фернандер Кассай қақпаға сүңгітті.
Үзілістен кейін алаң иелері толықтай шабуылға көшті. Қостанай командасы өз жарты алаңында қорғануға мәжбүр болды. қақпашы Эмиль Балаев шеберлік танытып, бірнеше қауіпті сәттерді қайтара білді. Сөйтіп, командасының маңызды үш ұпай еншілеуіне өз үлесін қосты.